Павлодар облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарға бақылау күшейді

Павлодар облысында абаттандыру ережелерін бұзғандарға бақылау күшейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жыл басынан бері абаттандыру саласында бес мыңға жуық құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Павлодар облысының полиция қызметкерлері рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына бейім аумақтарды күн сайын тексеріп жатыр. Негізгі мақсат – абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері абаттандыру саласында бес мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілген.

Анықталған заң бұзушылықтардың қатарында аумақтарды тұрмыстық қалдықтармен ластау, құрылыс материалдарын белгіленбеген жерлерге жинау, жасыл желектер мен инфрақұрылым нысандарына зиян келтіру, сондай-ақ іргелес аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстау талаптарын сақтамау фактілері бар.

Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер елді мекендердің сыртқы келбетіне кері әсер етіп қана қоймай, тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын атап өтті.

Ведомство өкілдері абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты нөлдік төзімділікті қалыптастыру қоғамның ортақ міндеті екенін айтты. Тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауға шақырды.

Рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгу немесе құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға шығару фактілері байқалған жағдайда, азаматтар «102» нөміріне хабарлай алады немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы ақпарат жолдай алады.

Құқық бұзушылық жасаған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.