Павлодар облысында агрессорлар мәжбүрлі емдеуге жіберіледі
Бүгінгі таңда өңірде 50-ден астам агрессорға сот аясында психологиялық көмек көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлімдеді.
– Өткен жылы қайталанған құқықбұзушылықтар үшін 612 адам әкімшілк жауапкершілікке тартылса, соның ішінде 497 адамға қатысты сот әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаны тағайындады. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап агрессорларға психолиялық көмек көрсету тәжірибеге енгізілді. Тәртіп сақшыларының өтініші бойынша сот 52 агрессор бойынша міндетті психологиялық көмек көрсетті, оның 16-сы емдеу курсынан өтті, – деді ол.
Мысалы, ер адам былтыр тек бір жылдың ішінде ҚР ӘҚБтК 73-бабы бойынша төрт рет жауапқа тартылып, оған төрт қорғау ұйғарымы шығарылған. Алайда сот тұрғылықты жері бойынша үш ай ішінде психокоррекциядан міндетті түрде өтуді міндеттеген. Бүгінгі таңда азамат тұрғылықты жері бойынша психологиялық көмек алуды жалғастыруда.
Жүргізілген талдаулар психологиялық көмек алған адамдардың қайталап құқық бұзушылықтарға жол бермегенін көрсеткен.
Азамат Күркебаев мұндай жұмыстың биыл да жалғасын тапқанын атап өтті. Осы жылдың басынан бері психокоррекцияға 21 агрессор жіберілген.