Оқу-ағарту министрі Екібастұз жұртшылығымен кездесті

Оқу-ағарту министрі  Екібастұз жұртшылығымен кездесті
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, министр үш қала және 10 аудан тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді, барлық ұсыныстарды тыңдап, ведомство қабылдаған басым міндеттерді белгіледі.

Екібастұз қаласында өткен педагогикалық және ата-аналар жұртшылығымен кездесуде министр білім беру сапасы мен кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі бағыттарға тоқталды.

Министрдің айтуынша, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту мақсатында 1000 ауылдық мектепті жаңғырту жүргізілуде, оның 900-і аяқталды. Робототехника, STEM, химия, физика және биология бойынша 1000 заманауи пәндік кабинет сатып алынды, оның 958-і орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

– Мемлекет педагог мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, оқушыларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық міндеттемелерді орындайды. 1 қазанға дейін бүкіл ел бойынша 78 500 оқушыға арналған 77 жаңа мектеп ашылды. Бұл көрсеткішті біз 132 мың оқушы орнына арналған 154 мектепке дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді министр. 

Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін, сондай-ақ 113 елді мекенде оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Қазір біздің басты міндетіміз – әр баланы сапалы білім және саналы тәрбиемен қамтамасыз ету. Бұл білім беру жүйесінің әрбір тармағының үйлесімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар, өңір тұрғындарымен кездесуде Павлодар облысының білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина білім беру жүйесінің даму жағдайы туралы айтып берді.