Павлодар облысында алаяқтардың 800-ге жуық қоңырауының жолын кесті
Полицейлер мен «Қазақтелеком» компаниясының бірлескен жобасы шілде айының соңынан бері жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында алаяқтық қоңырауларды тоқтату жүйесі іске қосылды. Жобаны облыстық полиция департаменті прокуратура қызметкерлері, облыс әкімдігі және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп қолға алды. Алаяқ өңір тұрғынына қоңырау шалған кезде байланыс операторы қоңырауды тоқтатып, «Халық қорғау» бағдарламасы арқылы құқық қорғау органдарына ақпарат жібереді.
Облыстық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаевтың айтуынша, мұндай хабарламаларды өңдеу үшін антиколл-орталықта арнайы қызметкерлер бөлінген.
– Операторлар күмәнді қоңырау туралы ақпаратты қабылдап, полиция қызметкерлеріне жолдайды. Құқыққорғау органдарының өкілдері абоненттің мекенжайына барады. Көп жағдайда адамдар телефон тұтқасын көтермейді, сондықтан олармен жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Осылайша, біз алаяқтық әрекеттердің жолын кесеміз, – деді Сүйіндік Қайырбаев.
Полиция қызметкерінің сөзінше, жүйе өз нәтижесін көрсетіп үлгерген. Күдікті 100 қоңыраудың шамамен жартысын тоқтатуға мүмкіндік бар. Жоба іске қосылғалы бері өңірде осындай 800-ге жуық қоңыраудың жолы кесілген. Шамамен 200 жағдайда жәбірленушілер ақшасын алаяқтарға беруге дайын болған.
Биыл он айда өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз. Келтірілген шығын көлемі де төмендеген. Былтыр ол үш миллиард теңгеден асса, биыл шамамен бір жарым миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар зардап шеккендерге 200 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Полиция қызметкерлері алаяқтар пайдаланған 120 мобильді құрылғыны, 500 абоненттік SIM-картаны және дропперлердің атына рәсімделген 39 банк картасын тәркіледі. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазақстандықтар SIM-карталарды іске қосып, кейін оларды шетелдегі алаяқтарға берген.
Бұдан бөлек, алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың арасында SIM-карталарды іске қосушылар мен қылмыскерлердің өзге де сыбайластары бар.
Сонымен қатар күн сайын полицияға интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен бес-он адам жүгінеді. Келтірілген шығын көлемі 10 мың теңгеден 50 миллион теңгеге дейін жетеді.
