Павлодарлықтар жарты жылда жарты миллионға жуық мемлекеттік қызмет алған

Павлодарлықтар жарты жылда жарты миллионға жуық мемлекеттік қызмет алған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аймақ бойынша ең көп сұранысқа ие ТОП-10 мемлекеттік қызмет анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2026 жылдың алғашқы алты айында Павлодар облысының тұрғындары 492 086 мемлекеттік қызмет алған. Оның ішінде 226 916 қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілсе, 265 170 қызмет тұрғындардың өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында өз бетінше рәсімделген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, бүгінде елімізде көрсетілетін 1353 мемлекеттік қызметтің 92 пайызы электрондық форматта қолжетімді. Соның арқасында тұрғындар көптеген қызметті халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электрондық үкімет порталы немесе өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы ала алады.

– Жылдың алғашқы алты айында өңір тұрғындары ең көп жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеуге жүгінген. Паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу қызметі 55 728 рет көрсетіліп, сұраныс бойынша бірінші орында тұр. Автокөліктерді тіркеу өңірдегі ең сұранысқа ие қызметтердің бірі болғанымен, оған деген сұраныс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайыздан астамға төмендеген. Ал жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметіне қызығушылық артып, көрсеткіш шамамен 18 пайызға өскен, – деді облыстық филиал мамандары. 

Сұранысқа ие қызметтердің қатарында жүргізуші куәліктерін рәсімдеу де бар. Жарты жыл ішінде бұл қызметке 11 320 адам жүгінген. Сонымен қатар, тұрғындар АХАТ органдарының қайталама куәліктері мен анықтамаларын алу қызметін 10 236 рет пайдаланған.

Мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау қызметі 5 447 рет көрсетілсе, шетелдік азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру және түзету бойынша 5 352 қызмет көрсетілген. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға 5 114 адам өтініш берген.

Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер алу және электрондық цифрлық қолтаңба беру қызметтеріне тоғыз мыңға жуық тұрғын жүгінген.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алу көрсеткішінің артуы цифрлық сервистердің тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да, онлайн форматта да жылдам әрі ыңғайлы рәсімдеуге мүмкіндік бар.