«Ертіс орманында» сібір елігі объективке түсті
Сирек кездесетін жануарды резерваттың ғылыми қызметкері камераға түсіріп үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының баспасөз қызметінің мәліметінше, ерекше кадрларға қол жеткізген ғылыми қызметкер Қанат Егембердиев.
Мамандардың айтуынша, сібір елігі орман және орманды-дала аймақтарында мекендейді.
– Ол өте сақ жануар болғандықтан, табиғи ортада оны кездестіру оңай емес. Еліктің есту және иіс сезу қабілеті жақсы дамыған, сондықтан ол адамнан барынша алыс жүруге тырысады. Мұндай сирек сәттер табиғаттың байлығы мен сұлулығын тағы бір мәрте көрсетеді. Елік орманның үйлесімі мен нәзіктігінің символы саналады, – делінген хабарламада.

Резерватта атап өткендей, бұл жануар сағатына 60 шақырымға дейін жүгіре алады, ал қозғалыс кезінде 6–7 метрге дейін секіріс жасайды. Жаз мезгілінде оның жүні қызғылт-қоңыр түске боялса, қыста сұр-қоңыр реңкке ауысып, табиғи ортада жасырынуына көмектеседі.
Мамандардың пікірінше, елікті табиғи мекенінде көру – жабайы табиғаттың қаншалықты бірегей әрі нәзік екенін көрсететін ерекше сәт.