Павлодарда үздік анықтаушылар марапатталды

Облыстық полиция департаментінде анықтау қызметі күніне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында облыстық ПД бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов анықтаушылардың қылмыстық істерді тергеудегі маңызды рөлін атап өтті.
– Тергеушілермен қатар, анықтаушылардың үлесіне қылмыстық істердің басым бөлігі тиесілі. Мұндай жүктеме әрбір қызметкерден жанқиярлықты, арнайы білімді, ұқыптылықты, назар мен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сіздің кәсіби біліктілігіңіз көптеген қылмыстық істердің сәтті тергелуіне, шағымдар мен өтініштердің азаюына, тергеудегі созбалаңдықты болдырмауға, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына және тергеу сапасының артуына ықпал етеді, – деді ол.
Марапатталғандар қатарында облыстық ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары Талғат Нұрғалиев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне, Ақсу қалалық полиция бөлімінің анықтаушысы Азанхан Бақытбек «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ Оңтүстік ПБ аға анықтаушысы Бейбіт Сейткулов грамотамен марапатталды.
Бұдан бөлек, ПД грамотасы Ерлан Бүкіровке, Асқар Рамазановқа, Любовь Аушеваға, Раушан Байбекке, Данияр Айткенге, Медет Тұрабовқа және Жанат Шүкетаевқа табысталды.
Салтанатты шара соңында Сафуан Жампейісов үздік қызметкерлерге еңбектері үшін алғыс айтып, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық және қызметтеріне табыс тіледі.