Павлодар облысында арзан картопты қайдан табуға болады
Бағаларды тұрақтандыру мақсатында картопты әлеуметтік дүкендер мен желілік супермаркеттерге жеткізу жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қараша айында жасалған меморандумға сәйкес, картоп Павлодар қаласындағы 80-нен астам дүкенге жеткізілуде.
– Тұрақтандыру қорынан үш қаланың желілік супермаркеттеріне, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы төрт шағын дүкенге және Ақсу қаласындағы 12 сауда нүктесіне картоп тасымалданады. Бұған қоса, апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде картоп бір келісіне 104-120 теңгеден сатылады. Облыс аудандарынан Павлодар қаласының «Рахмет» көтерме-бөлшек сауда базарына жеткізуді қамтитын қосымша кесте де әзірленген, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстардың бақылауда екенін атап өтті.
Павлодар және Ақсу қалаларында әлеуметтік картоп сататын дүкендердің толық тізімін сілтеме арқылы көруге болады.