Ақтоғай ауданында «Мектепке жол» акциясы жалғасуда
Білім беру бөлімінің мамандары көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға барынша қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізілетіні белгілі. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын алу көзделген. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады.
Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Динара Оспанованың айтуынша, монетизация шеңберінде қор есебінен әлеуметтік әлсіз отбасыдан шыққан 295 оқушының әрқайсысына 47296 теңге берілген. Жалпы алғанда, 11 миллион 966 теңге оқушылардың заңды өкілдерінің есепшотына аударылған.
Ал, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 101 оқушыға мектеп формасы және кеңсе тауарлары түрінде 1 миллион 450 теңгеге демеушілік көмек көрсетілген. Қолдау танытқандардың қатарында «Сольхимпром» ЖК (Щипицына Е.Р), «Ахмет» ШҚ (Ахметов Ж.Е), «Зупашев» ЖК, «Байсеркенова» ЖК, «Алибекова» ЖК, «Камитова» ЖК, «Жумалинова» ЖК, «Кабаев» ЖК, «Джансеитова» ЖК, «Актогай-Агро» ЖШС, «Орлеу» ЖШС, «Кәрім» ФҚ (Каримов С) және ауданның өзге де шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлері бар. Акция әлі де жалғасуда.