Павлодар облысында автожолдардың қысқы күтімі тексерілді
Жұмыс барысында бірқатар кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалы хабарлады.
Филиал мамандары «Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – РФ шекарасы» автожолының бір бөлігінде тексеру жұмыстарын өткізді. Комиссия мүшелері қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын, жол құрылыстары мен жолды жабдықтау элементтерінің жағдайын, сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігі қалай жүзеге асып жатқанын басты назарға алды.
- Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, барьерлік қоршаулардың зақымданған учаскелері, жол жиегіндегі қар үйінділері, жүріс бөлігіндегі қар мен мұз қатпарлары, сондай-ақ үдеу жолақтары мен көлік айырықтарында қардың нығыздалуы тіркелді. Сонымен қатар, кейбір демалыс алаңдарында қоқыс пен тазаланбаған қоқыс жәшіктері анықталды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, комиссия «Атамекен – Ертіс – РФ шекарасы» автожолының Амангелді өткізу пункті маңындағы учаскесін тексерді. Бұл жерде тазаланбаған автопавильондар, қар нығыздалуы, суық дәретханалардың санитарлық жағдайының көңіл көншітпейтіндігі, жол белгілерінің ақаулары және жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарын орнатудағы кемшіліктер де назарға алынды.
- Қосымша түрде мамандар жол жабыны мен жер төсемінің жағдайын да қарады. «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» автожолында қар нығыздалуы мен барьерлік қоршаулардың ластануы байқалды, - дейді мамандар.
Анықталған барлық кемшіліктер туралы ақпарат жауапты ұйымдарға жолданды. Оларға белгіленген мерзімде бұзушылықтарды жою тапсырылды.