Павлодарда футбол легионерлеріне төлемдер лимиті асып кеткен

Павлодарда футбол легионерлеріне төлемдер лимиті асып кеткен
Фото: pixabay.com

Биыл департамент бірталай салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті спорт, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, еңбек және әлеуметтік қорғау, авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлер, автожолдарды жөндеу, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласын тексерді.

Спорт түрлерінің басымдығын ескере отырып, қаржыландыру көлемі де қайта қаралды.

Спорт саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдары бойынша бұрын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған футбол клубына шығындар оңтайландырылды.

–   Біз Ақсу футбол клубы туралы айтып отырмыз, – деді қызмет басшысы Медет Амралинов. – Сыртқы тәуекелдерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау шеңберінде легионерлерге жалақы төлеуге белгіленген лимиттердің асып кетуі анықталды, сондай-ақ қаржыландыру лимитінен асып түсті.

Спикердің айтуынша, жыл сайын бір ғана «Ақсу» футбол клубы қаржыландырылатын, бірақ ол айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген жоқ. Клубты қаржыландырудың жалпы жылдық бюджеті 1,2 миллиард теңгеден асты.

Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұсынысы бойынша аталған ФК-ның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде қаржыландыру сомалары қайта қаралды. Ол алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 350 миллион теңгеге қысқарды.

Жалақы лимиттеріне келетін болсақ, легионерлер артық сома алған.

Сонымен қатар, антикор мүдделер қақтығысын анықтады. Облыстық ведомствоның бұрынғы басшысының туысы болған ведомстволық бағынысты спорт басқармасы басшыларының бірі қызметінен босатылды.

Осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары білімі туралы дипломдарды қолдан жасау фактілері де анықталды.

Медет Амралиновтың айтуынша, Антикор ведомствоға 15 ұсыныс енгізген, олардың барлығы дерлік орындалған.