Павлодарда мүгедектігі бар жастарды қолдау жобасы іске қосылды

Жоба аясында жастар бірнеше бағытта тегін көмек ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік жоба «Алтын бата» қоғамдық қорының бастамасымен қолға алынған. Бірлестік төрайымы Евгения Стельваганың айтуынша, жоба үш жыл қатарынан табысты жүзеге асырылып келеді.
- Ақпараттық-түсіндіру шаралары мүгедектігі бар жастар мен олардың отбасы мүшелерін қамтиды. Олар тегін психологиялық көмек, ақпараттық кеңес және құқықтық қолдау ала алады. Өткен жылы 20-дан астам азамат көмегімізге жүгінді. Біз оларға бірінші топ мүгедектігін сақтап қалуға қолдау көрсеттік. Бұл кезекті кездесулердің нәтижесі ғана емес, осы әрекет арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасы жақсарды деген сөз. Сонымен қатар, оның айналасындағы адамдардың, әсіресе, анасының жағдайы жақсарады, - дейді Евгения Стельвага.
Алдағы уақытта мамандар тобы қалалар мен аудардарда кеңес беру жұмыстарын бастайды.
Жобаның мақсаты – қоғамды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, ем-дом алу бойынша ақпарат беріп, барынша қолдау көрсету. Жобаға жауаптылар Павлодар қаласынан бөлек аудан-ауылдарды аралап, ақпарат тарату және кеңес беру жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар, ауылдық жерде тұратын мүгедектігі бар азаматтың өмір сапасын қалада өмір сүретін азаматтармен теңестіру. Ол үшін ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.