Железин ауданының тұрғыны ұсақ бұзақылық үшін айыппұл төлейді

Железин ауданының тұрғыны ұсақ бұзақылық үшін айыппұл төлейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аудандық сот ұсақ бұзақылық жасаған әйел азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сот отырысында анықталғандай, ағымдағы жылдың тамыз айында 19 жастағы Е. есімді әйел азамат Железин орталық аудандық ауруханасының терапевт кабинетінде медицина қызметкерін балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Бұл әрекетімен ол айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

– Сот барысында әйел азамат Е. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, кешірім сұрады. Железин аудандық сотының қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жазаға тартылды, – деді аудандық соттың баспасөз қызметі.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.