Павлодар облысында бөгеттерді жаңарту және жағалауды нығайту жұмыстары басталды
Биыл соңғы 11 жылда ең үлкен көлемде су келеді деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін күрделі жағдай туындаған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы жарияланған төтенше жағдай режимі алынды.
– Облыста әр түрлі дәрежеде 38 тұрғын үй зардап шекті. Соның ішінде 24 үйдің иесіне келтірілген залалдың өтемақысы толық төленді. Қалған 14 үйдің иесі төлемді осы аптаның соңына дейін алады, – деді өңір басшысы.
Аймақ Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан жоспарлы түрде табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін суды қабылдауға дайындалуда. Биыл 6,5 миллиард текше метрден астам су келеді деп күтілуде. Жайылманың 90%-ын дерлік су басады.
– Жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, барлық бөгеттерді тексеруде. Бөгеттерді жаңарту және жағалауды нығайту жұмыстары Павлодар қаласының Кенжекөл ауылы мен Атамекен кентінде, Ақсу қаласының МАЭС шағын ауданында, сондай-ақ, Май, Ақтоғай, Тереңкөл және Аққулы аудандарының жағалау бойында орналасқан ауылдарында басталды, – делінген хабарламада.
Облыс әкімінің айтуынша, судың тұрғындарға зиянын тигізбей және өңірдің экожүйесі мен аграрлық секторы үшін барынша пайдалы болуын қамтамасыз ету – барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram