Павлодар облысында дауылдың салдарынан ең көп зардап білім беру мекемелеріне тиді

Павлодар облысында дауылдың салдарынан ең көп зардап білім беру мекемелеріне тиді
Фото: ӨКҚ

Алайда әлі де зардап шеккен нысандардың саны анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов мәлім етті. 

– Соңғы күндері облысымызда орын алған төтенше жағдай салдарынан көптеген шығын келтірілді. Атап өтетін болсақ ең көп шығын білім саласының мекемелеріне келтірілді. Бұл саланың 61 мекемесіне залал келтірілді. Ал екінші орында медициналық мекемелер тұр. Бұл салада 10 нысанға зардап шекті, – деді Серік Батырғожинов. –Сондай-ақ, үш спорт нысанға және тоғыз мәдени нысанға шығын келтірілді. 

Спикердің мәліметінше, бұл нысандарға келтірілген шығындардың әзірге жалпы сомасы белгісіз. Шамамен медициналық мекемелерге 100 миллионнан астам, спорт саласының мекемелеріне 40-50 миллион теңге, ал мәдениет мекемелеріне келтірілген шығын саны 200 миллион теңгені құрайды. 

Еске сала кетейік, Павлодар қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссиясының кезектен тыс отырысының 2023 жылғы  19 қарашадағы № 5 хаттамасы негізінде Павлодар қаласы Ленин кентінің, Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау қарастырылуда. Бұл жоба 21 қарашаға дейін талқыланатын болады.