Павлодарда табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілуі мүмкін
Жоба қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ашық НҚА» порталында Павлодар қаласы мен оның маңындағы елді мекендерінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды енгізу туралы жобаның құжаты жарияланды.
– Павлодар қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссиясының кезектен тыс отырысының 2023 жылғы 19 қарашадағы № 5 хаттамасы негізінде Павлодар қаласы Ленин кентінің, Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын,– делінген құжатта.
Жоба 21 қарашаға дейін ашық талқыланатын болады.
Еске сала кетейік, 18-19 қараша күндері «Қазгидромет» РМК-ның жариялаған дауылды ескертудің нәтижесінде облыста бірқатар оқиға тіркелді. Жалпы 183 ғимараттың шатыры құлады, ал 117 елді мекенде электр қуаты өшіп қалды. Бүгінде оның ішінде 33 ауыл әлі де жарықсыз отыр.