Павлодар облысында ең үздік дін қызметкерлері анықталады
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада облыс өкілдігіне қарасты барлық қала, аудан, ауыл мешіттері имамдарының жиналысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналыста республикалық имамдар форумдарында қабылданған 14-ке жуық концептуалдық құжат талқыланды. Яғни, 2022 жыл имамдарға өткізілген аттестация нәтижесіне қорытынды жасалып, келесі 2025 жылы болатын аттестацияға дайындық пысықталды. Осыған орай имамдармен арнайы келісім жасалды.
– Келісімге сәйкес, биыл қазан айынан бастап қарашаның аяғына дейін әрбір ауданға қарасты мешіттерде дін қызметкерлері арасында сайыс өткізіледі. Жарыста республикалық имамдар форумдарында қабылданған концептуалдық құжаттардан емтихандар жүргізіледі. Осы арқылы әр ауданнан үздік екі имам облыстық сайысқа қатысады. Желтоқсан айының ортасында облыс бойынша ең үздік дін қызметкерлері анықталып, бағалы сыйлықтарға ие болуы тиіс, – дейді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар жинын барысында «2024 жыл - Ислам және дәстүр құндылықтары жылы» болғандықтан, жастарды дұрыс тәрбиелеп, дәстүрді барынша насихаттау, имамдардың сырт келбеті, сөйлеуі мәнері, уағыз айтуы, халықпен тығыз байланыста болуы, этикалық тәртіп пен ережені сақтауы туралы ерекше ескертіліп айтылды.