Павлодар облысында референдумға 520 учаске дайындалды
Өңірде республикалық референдумды өткізуге дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дайындық шаралары алдын ала жүргізіліп, материалдық-техникалық қамтамасыз ету тексерілді. Сонымен қатар азаматтардың дауыс беруге ыңғайлы әрі қауіпсіз қатысуына қажетті жағдайлар жасалды.
Референдум күні өңірде барлығы 520 учаске жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен, бюллетень жәшіктерімен, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімдерімен және жаңа Конституция жобасымен танысуға болатын ақпараттық стендтермен жабдықталған.
Дауыс беру процесінің ашықтығы мен қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында көптеген учаскелерде пандустар орнатылып, арнайы көрсеткіштер қойылды. Көзі нашар көретін азаматтардың өз бетінше дауыс беруі үшін Брайль қарпімен жасалған 520 трафарет бюллетень дайындалды.
Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Конституция жобасының аудио-нұсқасы әзірленді. Құжат мәтіні 97 жеке аудиожазбаға бөлінген. Бұл дауыс берушілерге қажетті бөлімдер мен баптарды таңдап, оларды құлаққап арқылы жеке тыңдауға мүмкіндік береді.
Денсаулық жағдайына немесе басқа себептерге байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Егер дауыс беру күні азаматтардың аты-жөні тізімде болмаса, олар «Электрондық үкімет» порталы арқылы тіркелген мекенжайын тексеру сервисін пайдалана алады. Мұндай онлайн-сервистер 226 учаскеде жұмыс істейді.
Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар үшін уақытша тіркеу қызметтері ұйымдастырылады. Мұндай тіркеу бір күнге жарамды болып, азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік береді.
Референдум күні өңір қалаларындағы қоғамдық көлікте жол жүру барлық тұрғындар үшін тегін болады. Ал ерекше қажеттіліктері бар азаматтар «Инватакси» қызметін пайдалана алады.
Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-де ашылады. Дәстүр бойынша алғаш рет дауыс беретін азаматтарға және учаскеге бірінші болып келген тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазіргі уақытта облыстағы барлық референдум учаскелері дауыс беруді өткізуге толық дайын.