Павлодар облысында экологиялық су жіберулер жем-шөп қорын көбейтті

Шідерті өзеніндегі жайылма шабындықтардың өнімділігі жиырма пайызға артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз орталығының мәліметінше, биыл «ҚазСуШар» РМК-ның «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалы экологиялық мақсатта 170,5 миллион текше метр су жіберді. Оның 120 миллион текше метрі Шідерті – Өлеңті табиғи аймағын сақтау және қалпына келтіру үшін Шідерті өзені арқылы бағытталды.
Нәтижесінде өзеннің жайылма алқабындағы шабындықтардың өнімділігі гектарына 16 центнерден 19,3 центнерге дейін өсті.
– Шідерті өзеніне су жіберу Павлодар облысының экономикалық және экологиялық ахуалын едәуір жақсартты. Бұл мал азығын мол жинауға және балық шаруашылығы көлдерінің өнімділігін қалпына келтіруге септігін тигізді, – деді «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалының директоры Оңдасын Жиенқұлов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, жыл сайын Қ.Сәтбаев атындағы канал суымен Шідерті өзенінің бойындағы 23 мың гектарға дейін жайылым мен шабындық суарылады.