Павлодар облысында ерлер де отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда

Павлодар облысында ерлер де отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр 20-ға жуық азамат полицейлердің қорғауына жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылыққа тек әйелдер ғана ұшырайды деу қате. 

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары ер адамдар болуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Өткен жылы 19 азамат тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша шаралар қабылдау туралы өтініш білдірді, – дейді басқарма бастығы.

Азамат Күркебаев 2025 жылы азаматтардан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы 4351 өтініш келіп түскенін, соның ішінде «жоғары тәуекелмен» 93 факт анықталғанын айтты. Бүгінде бұл адамдар профилактикалық есепке қойылып, бақылау істері жүргізілуде.

– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп тұрады. Оған «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры мен «Дағдарыс орталығымен» бірлесіп, қамауға алынғандарға заңнаманы түсіндіре отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ оларға психотерапия курсынан өту ұсынылады, – деді ол.  

Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге «Дағдарыс орталығынан» 53, «Аналар үйі» қоғамдық қорынан 10, «Қорғау-Астана» жеке қорынан 10 төсек-орынмен және отбасын қолдау орталықтарымен көмек көрсетілуде.