Жол жөндеумен айналысатын павлодарлық компания қиын жағдайға тап болды

Жол жөндеумен айналысатын павлодарлық компания қиын жағдайға тап болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мәселе сотқа дейін жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына «Асфальтобетон» ЖШС туындаған мәселені шешуге жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді.

Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «Атамекен» ӨКП кеңесінің отырысында қаралды.

Отырысты кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев өткізді. «Асфальтобетон» ЖШС өкілі, адвокат Алмагүл Бахралинова компания бұрын Баянауыл ауданы Майқайың кентінде жолдың орташа жөндеу жұмыстарын орындауы тиіс болғанын, алайда жөндеу барысында кемшіліктерге жол берілгенін хабарлады.

Осыған байланысты кент әкімінің аппараты сотқа талап-арыз беріп, «Асфальтобетон» ЖШС-нан жолды тиісті деңгейде қайта жөндеуді талап еткен.

Ал мұндай жөндеу жұмыстары тек жылы мезгілде, құрғақ әрі қолайлы ауа райы жағдайында ғана мүмкін. 

– Істі қарау барысында біз медиациялық келісімге қол қойдық, оған сәйкес ЖШС белгілі бір мерзімге дейін өз міндеттемелерін орындауы тиіс еді. Алайда объективті себептерге, яғни  қолайсыз ауа райына  байланысты біз сот ұйғарымын орындай алмадық. Міндеттемелерді 15 қыркүйекке дейін орындау қажет болатын. Майқайың кенті әкімінің аппараты атқару парағын шығарды. Қазіргі уақытта атқарушылық іс қозғалды, – деді Алмагүл Бахралинова.

Оның айтуынша, азаматтық іс жүргізу кодексінде сот шешімін орындауды кейінге қалдыру немесе бөліп орындау тетігі қарастырылған.

Экономикалық сот осы ЖШС-ке сот ұйғарымын орындауды 30 сәуірге дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.

Қазіргі уақытта жолды жөндеу мүмкін емес, себебі жолдарда қар жатыр. Қар кезінде немесе жаңбыр жауып тұрған уақытта асфальт төсеу сапасыз болатынын, ал кепілдік мерзімі ішінде кәсіпорын оның сапасына жауапты екенін компания атап өтті.