Павлодар облысындағы ірі қалалардың бірінде жол мен аула жаңарады

Павлодар облысындағы ірі қалалардың бірінде жол мен аула жаңарады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеншідер қаласында биыл 20-ға жуық көшенің жолы жөнделіп, 50 балаларға арналған ойын кешені бой көтереді,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер қаласында биыл жол инфрақұрылымын жаңарту, аулаларды абаттандыру және балалар мен спорт алаңдарын салу жұмыстары кең көлемде жүзеге асырылып жатыр. 

Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, 2026 жылы жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар бірнеше көшеде асфальт жабынын жаңарту, шұңқырларды жөндеу және жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстарын атқаруда. Биыл жалпы саны 18 көшені жөндеу жоспарланған. Олардың бірқатары толықтай қалыпқа келтіріліп үлгерген. Сонымен қатар, ұзақ жыл бойы жөндеу көрмеген көшелер де кезең-кезеңімен жаңартылуда.

– Қазіргі таңда Северный шағын ауданында ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда ескі асфальт алынып, жолдарды жаңартуға дайындық жүргізілуде. Алдымен қиыршық тас төселіп, кейін жаңа асфальт жабыны салынады. Бұл шағын ауданда 50-ден астам көше болғандықтан, жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылмақ, - деді Аян Бейсекин.

Қала билігінің мәліметінше, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жаңа су құбырлары тартылып жатқан аумақтарда да қатар жүргізілуде. Сонымен бірге Южный шағын ауданында кәріз жүйесінің екінші кезеңі салынып жатқандықтан, онда да жолдарды ретке келтіру мен абаттандыру шаралары қолға алынған.

Жеке сектордағы асфальт төселмеген көшелер мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Қалада қатты жабыны жоқ 120-дан астам көше бар. Олардың барлығын 2028 жылға дейін жаңарту міндеті қойылған. 

Соңғы жылдары қалада 200-ге жуық аула абаттандырылған. Дегенмен әлі де жаңартуды қажет ететін 80-нен астам аула бар. Биыл облыстық бюджеттен 50 балалар ойын кешенін орнатуға 950 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда конкурс рәсімдері аяқталып, мердігерлер іске кіріскен.

Сонымен қатар қалада 7 футбол алаңының негізі дайындалып қойған. Ендігі кезекте оларды толық жабдықтап, пайдалануға беру жоспарланған. Жауапты мекемелер барлық жұмыстарды маусым айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.