Павлодар облысында көші-қон заңнамасын қайта бұзған шетелдік елден шығарылды

Павлодар облысында көші-қон заңнамасын қайта бұзған шетелдік елден шығарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өзбекстан азаматы заңсыз еңбек қызметімен айналысқаны үшін әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен аудандық соты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын қайта бұзған Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты әкімшілік істі қарады.

Соттың мәліметінше, ер адам бұған дейін де Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алайда биылғы маусым айында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде оның қайтадан көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталған. Ол өзіне берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін еңбек қызметімен айналысқан.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, өзіне айыппұл тағайындауды сұраған.

Алайда сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 7-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бір тәулікке әкімшілік қамаққа алу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім қабылдады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.