Жасанды интеллект күші: Павлодарлықтарды жаңа алаяқтықтың түрінен сақ болуға шақырады

Жасанды интеллект күші: Павлодарлықтарды жаңа алаяқтықтың түрінен сақ болуға шақырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дипфейк арқылы адамдардың биометриялық мәліметтері ұрлануы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Павлодар қаласы бойынша өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Толқын Нұрмахин мәлім етті. 

– Алаяқтықтың жаңадан таралып келе жатқан түрі–дипфейктер. Фото, бейне немесе дыбыстық жазбалар жасанды интеллект арқылы өңделеді. Яғни, жоқ адамды жандандырып, оның дауысын салып, мимикасын келтіру. Мысалы, адам айтпаған сөздерді жасанды интеллект арқылы айтқызады,– деді Толқын Нұрмахин.

Оның сөзінше, алаяқтар үшін дипфейк бұл–кибершабуыл жасау мен адамның құпия жеке деректерін ұрлаудағы жаңа тәсіл. Бейнедегі адамның жалған екені бірнеше белгілерден анықтауға болады.

– Адам терісінің түсінен, оның ым-ишарасы мен қозғалысынан, көздерінен білініп қалады,– деді Толқын Нұрмахин.– Дипфейктерді продюсер, маркетолог, жарнама қызметкерлері және соңғы кездері алаяқтар да қолданып жүр. 

Сондықтан да, спикер жеке құжаттар мәселесімен сақ болуды сұрайды. Әсіресе, электрондық цифрлық қолтаңбаны ресімдеген кезде. 

– Көбіне ХҚКО-да дербес компьютерлерде ЭЦҚ алған өтініш берушінің құпия сөзі сақталып қалады. Оны кез келген адам ашып, көре алады. Сондықтан да, жеке деректер сақталу үшін ЭЦҚ-ны алған адам құпия сөзді бірден ауыстыру керек,– деді ол.

Алаяқтар ЭЦҚ-ны күмәнді мәмілелер жасау, пәтерде бейтаныс адамдарды тіркеу немесе көлікті қайта ресімдеу үшін пайдалана алады.