Павлодар облысында кардиоорталыққа шұғыл жүгінетіндер саны артты

Павлодар облысында кардиоорталыққа шұғыл жүгінетіндер саны артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүрек-қан тамырлары аурулары жасарып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігері Айгерім Рахимованың айтуынша, соңғы жылдары медициналық мекемеге жүгінетін науқастар саны тұрақты түрде өсіп келеді. 2024 жылы түрлі кардиологиялық аурулар бойынша 6 156 тұрғын ем қабылдаса, өткен жылы бұл көрсеткіш 6 700 адамға жеткен.

Ал биылғы жылдың сегіз айында стационарда 4,5 мыңнан астам пациент емделген. Олардың 60 пайыздан астамына шұғыл медициналық көмек қажет болған. Дәрігер ұсынған статистикаға сәйкес, 2024 жылы шұғыл түрде ауруханаға жатқызылғандар үлесі 63 пайызды, ал өткен жылы 67,5 пайызды құраған.

Мамандардың айтуынша, ауруды асқындырмай, жедел жәрдем шақыру қажеттілігін азайтуға профилактикалық тексерулер, сондай-ақ емханалар мен аудандық ауруханалардағы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кабинеттері көмектеседі. Қазіргі таңда облыс бойынша осындай 22 кабинет жұмыс істейді.

Өткен жылы профилактикалық медициналық тексерулер барысында өңір тұрғындарының 6,5 пайызынан алғаш рет қанайналым жүйесі аурулары анықталған. Аурудың алдын алуға стационарлар ұйымдастыратын ашық есік күндері де өз үлесін қосып келеді.

– Жыл сайын 29 қыркүйекте кардиоорталықта ашық есік күні ұйымдастырылып, тұрғындарға тегін кеңес беріледі. Биыл мамандардың қабылдауына 180-нен астам адам келді. Олардың 75 пайыздан астамынан қан қысымының жоғары екені анықталды. Бұл – күнделікті бақылауды қажет ететін негізгі қауіп факторларының бірі, – деді Айгерім Рахимова.

Ашық есік күніне келгендердің 12 пайызына жүрек ырғағының бұзылуына байланысты мамандардың кеңесі қажет болған. Ал он пайызында ишемиялық жүрек ауруы анықталған. Тұрғындардың бір бөлігі кардиологқа бұған дейінгі медициналық тексерулердің нәтижелерімен келген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүрек-қан тамырлары аурулары жасарып келеді. Мамандардың қабылдауына жастар да жиі жүгінуде.

Дәрігерлер мұны белгілі бір деңгейде қимыл-қозғалыстың аздығымен, құрамында қанты көп газдалған сусындарды, энергетикалық сусындар мен фастфудты шамадан тыс тұтынумен байланыстырады.

Бұған дейін кардиоорталықтың жансақтау бөліміне тәулігіне төрт банкаға дейін энергетикалық сусын ішкен 20 жастағы павлодарлық тұрғынның түскені хабарланған болатын.

Мамандардың айтуынша, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну инфаркт қаупін арттырады. Әсіресе 25-40 жас аралығындағы ер адамдар үшін бұл қауіп жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдай сырт көзге денсаулығында ешқандай кінәрат байқалмайтын адамдарда да кездесуі ықтимал.