Павлодар облысында көктайғаққа байланысты ескерту жасалды
Жол қызметтері жүргізушілерді жазғы шиналарды уақытылы ауыстыруға және қашықтықты сақтауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, синоптиктердің болжамына сәйкес түнгі және таңертеңгі уақыттарда Павлодар, Ақмола, Абай, Алматы, Қарағанды, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ күтіледі.
Мамандар автокөлік иелерінен жолда аса мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты қатаң сақтауды, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды және аса қажеттілік болмаса алыс сапарға шықпауды сұрайды. Сондай-ақ дөңгелектердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлген абзал. Көлікте әлі де жазғы шиналар тұрған болса, көктайғақта басқару қиындап, апаттардың орын алу қаупі артады.
Еске сала кетейік, жол қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Трассалардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан білуге болады.