Павлодар облысында малды цифрлық қадағалау жүйесі енгізілуде
Жүйе өңірдің шекара маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Премьер-Министрі сайтының мәліметінше, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен отырыс өтті. Жиында ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалау жүйесін жетілдіру процесі талқыланды. «Етті ветеринарлық-санитарлық сараптау» жаңа модулінің арқасында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпарат жүйесінде (АШЖБ) мал сою орындарында сараптама актісі мен анықтама беру, жануардың өмірлік циклі туралы ақпарат жиналған QR-код процесі цифрландырылды.
Бұл QR ет сатылатын орындарға орналастырылады, жүйе жануарларды ветеринарлық тексерусіз және етті тексермей мал союға жол бермейді. Жаңа модуль Алматы, Павлодар және Жетісу облыстарында пилоттық режимде сынақтан өткізілуде.
Бұл тәсіл шекаралық өткізу бекеттерінде де енгізілді. Келіп түскен жүктер туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіледі, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қалыптастырады, олар мемлекеттік ветеринариялық инспекторға және ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Жүйе Павлодар облысының шекара маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті.
– Ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы – ет өңдеу кәсіпорны, 281-і – мал сою пункті және 514-і – мал сою алаңы. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды, 2023 жылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері алынды, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Сонымен қатар вице-министр барлық ірі ауылдық округте ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасы бар мал сою пунктілерін ашу қажеттігін атап өтті.
– Мал сою алаңдары өтпелі кезеңде мәжбүрлі шара ретінде ашылғандықтан, қазір заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Содан кейін мал сою алаңдары жойылатын болады, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірге мал союдағы жаңашылдықтар, олардың артықшылықтары бойынша тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуді, егістік жерлерді шегірткеден уақытылы өңдеу үшін барлық қажетті процедураны жедел жүргізуді тапсырды.