Павлодар облысында неше әйел басшылық қызметте

Павлодар облысында неше әйел басшылық қызметте

2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 4218 мемлекеттік қызметшінің 2677-сі немесе 68 пайызы – әйелдер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Айгүл Әлімбаева мәлім еткендей, мемлекеттік қызметтегі барлық әйелдердің ішінде 529 адам басшылық қызметте.

- Бұл әйел адамдар әртүрлі деңгейде басшылық етеді, - деді Айгүл Әлімбаева. – Облыстық деңгейде 162 әйел басшы, ауылдық деңгейде, оның ішінде ауылдық округ әкімдері – 18, қалалар мен аудандарда дербес бөлімдерге басшылық ететін 172 әйел бар.

Мәселен, 125 ауыл әкімінің 18-і ғана әйел адам.

Айта кету керек, әйелдердің басым бөлігі статистика, сот, халықты әлеуметтік қорғау органдарында, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында еңбек етеді.

Мәселен, облыстық сотта 291 мемлекеттік қызметшінің 201-і нәзік жандылар, бұл 69 пайызды құрайды.

Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасында әйелдердің саны 9,84 млн болған, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,2%-ға артық. Бұл республика халқының жалпы санының 51,4 пайызын құрайды.

Ranking.kz мәліметі бойынша, Қазақстанның еңбек нарығында әйелдердің салмағы орасан: мысалы, экономикалық белсенді халықтың 48,5 пайызы әйелдер. Сондай-ақ әйелдер елдегі барлық жұмыспен қамтылғандардың 48,1%-ын және барлық жалдамалы қызметкерлердің 48,9%-ын құрайды.

Дегенмен, Қазақстандағы ер адамдар әйелдерге қарағанда 22 пайызға жоғары жалақы алады.

Мысалы, жоғары жалақы алатын тау-кен өнеркәсібі әлі де әйелдер үшін қолжетімсіз. Eenergyprom.kz мәліметі бойынша, егер Қазақстан Республикасында жалпы жұмыскерлердің 52%-ын әйелдер құраса, тау-кен өнеркәсібінде 19%-дан аз.

2022 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтері бойынша гендерлік теңдік бойынша елдер рейтингінде біздің республика 146 қатысушы елдің арасында небәрі 65-орынға ие болды. Дегенмен, Қазақстан Республикасы үшін бұл ұзақ кері қайтарудан кейінгі ілгерілеушілік болып табылады: 2021 жылы республика 156 қатысушы елдің арасында 80-орынға ғана ие болды.

Фото: ашық дереккөздерден