Павлодарлық ЖҚАЖ жауынгері қандай қасиеттерге ие болуы керек?

Павлодарлық ЖҚАЖ жауынгері қандай қасиеттерге ие болуы керек?
Фото: өңірлік коммуникация қызметі

Қазір ЖҚАЖ-да төрт әйел қызмет етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2023 жылдың қаңтарында Қазақстанда болған оқиғалардан кейін жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың штабы толығып, бүгінгі күнге 197 сарбазды құрайды. Бұл туралы полиция подполковнигі, ЖҚАЖ командирі Азиз Нұрғалиев мәлім етті.

– Осы 197 сарбаздың ішінде төрт әйел қызмет етіп жүр. Біздің жауынгер қыздар жақында ғана декреттік демалыстан шыққан. Қазір олар физикалық және әскери дайындықтарын шыңдап, дабылдарға шығып жатыр, – деді  командир.

Жасақтың барлық мүшелеріне келетін болсақ, олар физикалық тұрғыдан төзімді және психикалық жағынан тұрақты болуы керек. Дене шынықтыру сабақтары спорт кешендерінде өткізіледі, онда жауынгерлер жекпе-жек әдістерін, ал полигондар мен тирлерде оқ атуды жаттықтырады.

– Қызметкерлер күн сайын сағат 08:30-да кезекшілікке шығады, бірақ дабыл тәуліктің кез келген уақытында соғылуы мүмкін. Орта есеппен аптасына үш рет дабылға шығамыз. Сарбаздар тұрақсыз жұмыс кестесіне дайын болуы керек, – деп атап өтті спикер. – Біз құрықтау жұмыстарынан басқа спорттық және мәдени іс-шараларды күшейтіп қызмет көрсетеміз. Көрші елдердегі оқиғаларға байланысты барлық сауда орталықтарына, сапаржайларға және халық көп жиналатын осал жерлерге күш салынуда. Арнайы жасақтың көмегінсіз бірде-бір құрықтау жұмысы өтпейді.

ЖҚАЖ офицеріне жасы 35-ке дейін, бойы 170 сантиметрден кем емес, заңгерлік жоғары немесе орта арнаулы білімі бар, алғашқы әскери даярлығы, әскери билеті, қандай да бір спорттық атағы бар ер немесе әйел қабылданады. Үміткердің заңгер мамандығы бойынша бакалавр дипломы болса, онда әскери билет талап етілмейді. Қызметке кіру үшін үміткерлер мемлекеттік қызметке аттестаттаудан өтіп, норматив тапсыруы керек.

Бір жыл еңбек өтілі бір жарым жыл болып есептеледі, сондықтан бөлімшеде 17 жыл жұмыс істегеннен кейін зейнетке шығуға болады.

– Мен өзім 37 жастамын, қызметімді 2005 жылы бастадым. Үш жыл бұрын зейнеткерлікке шығуыма болатын еді. Қызмет ұнап жатқандықтан әлі де жұмыс істеп жатырмын, – деп бөлісті Азиз Нұрғалиев.

Әр үш жыл сайын жауынгерлер аттестацияланып, жыл сайын өз нормативтерді растайды. Жас сарбазға бастапқыда әр отбасы мүшесіне 46 мыңнан есептелетін тұрғын үй төлемдерімен бірге айына 350 мың төленеді. Қызмет ету ерекше түрі үшін бөлек өтемақы бар. Атақ та жалақыға үлкен әсер атқарады.