Павлодар облысында әскерге шақырушылардың денсаулығы жақсарып келеді
Ата-аналар балаларының қауіпсіздігін арнайы комитет арқылы бақылай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, майор Бекзат Оразов мәлім етті.
– Қазір азаматтық борышын өтеуге 2005-2004 жылы туған балалар кетіп жатыр. Соңғы екі-үш жылда келіп жатқан балалардың денсаулығы жақсарып келе жатқан сияқты. Бұл заманға қарай байланысты деп ойлаймын. Ал 2000 жылдары қиын жағдай болды, – деді ол.
Алайда қандай да бір аурулармен, сырқаттармен келетін азаматтар да бар.
– Қытайдың аяқ киімін киіп жүргендіктен, аяқтары бұзылады. Не болмаса бала өзіне шамалы қарамай жүреді. Гемоглобин түсіп қалатын азаматтар да бар. Әр адамда әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Мысалы, бір баланың салмағы көп болса, екіншісінің салмағы керісінше жетпейді, – деп атап өтті Бекзат Оразов.
Оның сөзінше, әскерге баласын жіберген ата-аналар үшін арнайы «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналары комитеті» жұмыс істейді.
– Бұл ата-аналардың жүректері ауырмас үшін, көп алаңдамау үшін құрылған ұжым. Әр облыста оның өкілдері бар. Олар әскери бөлімдерге кездейсоқ барып, тексеріп тұрады, – деді спикер.
Павлодарлық ата-аналар сарбаздар комитеті туралы қосымша ақпаратты тікелей басшыға Лилия Хайруллинаға 8 (701) 526 -97-47 нөмірі арқылы хабарласып, біле алады.
Айта кетейік, қорғаныс істері жөніндегі департаментіндегі «Қарулы күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жұмысына жүгініп, кез келген адам шақыру туралы ақпарат немесе туындаған сұраққа жауап ала алады.