Павлодар облысында оқушылар ұлттық салт-дәстүрлерді сахналап көрсетті

Павлодар облысында оқушылар ұлттық салт-дәстүрлерді сахналап көрсетті
Фото: облыстық білім басқармасынан

Өңірде «Дәстүрге тағзым» атты облыстық салт-дәстүрлер байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Байқауға өңірдің аудандары мен қалаларынан келген мектеп командалары қатысып, сахнада халқымыздың бай мәдени мұрасын танытты. Қатысушылар «Ақсүйек», «Қымызмұрындық», «Білезік тағу», «Шашбау тағу», «Кимешек кигізу», «Ерулік», «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер», «Тұсау кесу», «Келін түсіру», «Үме» сияқты ұлттық дәстүрлерді көркем қойылымдар арқылы көрсетті.

Әр команда сахналық мәдениетімен, ұлттық киім үлгілерімен және дәстүрді жеткізу шеберлігімен ерекшеленіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қойылымдарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы мен рухани құндылықтары кеңінен көрініс тапты.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Шақат ауылының жалпы орта білім беру мектебі командасы иеленді. Екінші орынға Ақтоғай ауданының Қараоба мектебі мен Аққулы ауданы Потанин атындағы мектебінің командалары лайық деп танылды. Ал үшінші орын Павлодар қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған гимназияға, Ертіс ауданы Қарақұдық мектебіне және Баянауыл ауданы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің командаларына берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Дәстүрге тағзым» байқауы тек сайыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық рухты асқақтататын мәдени алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар жас буынның елге, жерге және салт-дәстүрге деген құрметін арттырып, ұлттық мұрамыздың маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді.