Павлодар облысында проктологиялық қызметті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді

Павлодар облысында проктологиялық қызметті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді
Фото: Константин Шелков

Көптеген патологиялар онкологиялық ауруларға ұласуы мүмкін. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, емдеудің маңызы зор, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орталықтың басты артықшылығы – медициналық көмектің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен көрсетілуі. Бұл тұрғындарға ем алу үшін басқа қалаларға баруға немесе жекеменшік клиникаларға жүгінуге қажеттілікті азайтады.

№3 қалалық аурухана хирургі Ерасыл Мырзахановтың айтуынша, аурухана жанынан колопроктология бөлімі екі жыл бұрын ашылып, аз инвазивті лазерлік технологиялар енгізіле бастаған. Осы уақыт ішінде 521 операция жасалған. Енді бұл бағыт одан әрі дамып, хирургиялық қызмет құрамында арнайы орталық құрылды.

– Бұрын мұндай операциялар үлкен тіліктерді қажет етіп, қан жоғалтумен қатар жүретін. Ал қазіргі технологиялар хирургиялық араласуды қан шығармай және үлкен тіліксіз жүргізуге мүмкіндік береді. Лазерлік емдеу кіші проктологияда геморрой, жарықтар, жыланкөздер және құйымшақ кисталары кезінде қолданылады, – деді маман. – Сонымен қатар ауруханада параректалды жыланкөздерді емдеудің жеке әдісі әзірленіп, патенттелді.

Орталық дамуының келесі кезеңі – лапароскопиялық колоректалды хирургияны енгізу. Бұл тоқ ішек ауруларын, соның ішінде дивертикулярлық ауру, долихосигма, ішектің қабыну аурулары және әртүрлі сипаттағы ісіктерді емдеуге бағытталған. Аталған патологияларды аз инвазивті лапароскопиялық әдіспен емдеуге болады.

– Ол үшін бізде барлық жағдай дайын. Қажетті құрал-жабдықтар бар, мамандар да жеткілікті. Біз бастауға дайынбыз. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес ресми ашылу рәсімі қажет. Барлық ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін пациенттерді орталықтандырып, үлкен колопроктология бағытын дамытуды бастаймыз, – деді Ерасыл Мырзаханов.

Мамандардың бағалауынша, соңғы уақытта тік ішек пен тоқ ішек аурулары халық арасында кең таралған дерттердің біріне айналып келеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, ұзақ уақыт бойы науқастар өз мәселесімен қайда жүгіну керектігін білмеген. Соның салдарынан олар уақыт жоғалтып, көптеген жағдайда ауру асқынған кезеңде анықталып, емдеу барысында күрделі қиындықтар туындаған.

– Енді диагностикадан бастап емдеуге дейінгі барлық медициналық қызмет бір жерде көрсетіледі. Мұндай тәсіл патологияларды дер кезінде анықтап, пациенттерге қажетті көмекті артық кідіріссіз көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Павлодар облысының бас дәрігері. – Өңірдің экологиялық ерекшеліктерін және аурулардың көбеюін ескере отырып, бұл орталықта онкологтар, гинекологтар және басқа да бейінді мамандардың бірлескен жұмысы жолға қойылуы қажет деп есептеймін.

Оның айтуынша, заманауи аз инвазивті технологияларды қолданудың артықшылығы көп. Біріншіден, олар полиптерді, қатерсіз ісіктерді және басқа да патологияларды ерте кезеңде анықтап, сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл пациенттер үшін анағұрлым қолайлы әрі оңалту үдерісін жылдамдатады.

– Биыл қалалық аурухана үшін заманауи эндоскопиялық құрылғы сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда мұндай құрал-жабдықтарға сұраныс жоғары. Оның үстіне орталықта жаңа технологияларды меңгеруге және енгізуге дайын білікті хирургтар жұмыс істейді, – деп атап өтті Ермек Кучуков. – Емханалармен бірлескен жұмысқа және пациенттерді дұрыс бағыттау жүйесіне үлкен үміт артамыз.

Болашақта орталық резиденттерді оқыту базасына айналып, жаңа мамандарды даярлауға және өңірдегі колопроктологиялық қызметті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.