Ақсуда инклюзивті балабақша салынады
Сондай-ақ, қалаға қарасты екі ауылда балабақшаның құрылысы басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақсу қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов мәлім етті.
– Облыстық білім беру басқармасы құрылыс басқармасымен бірлесіп, Ақсуда инклюзивті балабақша салу үшін жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуде, – деп атап өтті Қайрат Смағұлов. – Бірегей, барлық талаптарға сай болатын 140 орындық арнайы жабдықталған, бассейн мен жеделсатысы бар балабақша салынады.
Оның сөзінше, биыл №16 балабақшада күрделі жөндеуден өтеді. Конкурстық рәсімдер аяқталып, жөндеу жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
– 2025 жылы Береке мен Үштерек ауылдарында халықтың тығыздығы жоғары. Бала туу көрсеткіші өсіп жатыр. Сондықтан да балабақша салу туралы шешім қабылдадық. Береке ауылында – 240, ал Үштеректе 140 орындық балабақшаларды салу үшін жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеумен айналысып жатырмыз, – деді спикер.
Ақсуда жалпы 3662 баламен қамтылған 29 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 14-і - балабақша және 15-і - шағын орталық. 14 балабақша бойынша төртеуі мемлекеттік тілде, ал қалғаны аралас форматында оқытады.