Павлодар облысында сапасыз бензинге қатысты шағымдар көбейген
Сапасыз бензин көлікті бұзса, шығынды кім өтейтінін павлодарлық мамандар түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне соңғы уақытта автокөлікте жанармай құйғаннан кейін түрлі ақаулардың пайда болуына байланысты азаматтардан бірқатар өтініш түскен.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда тұтынушы ең алдымен жанармай сатып алғанын және одан кейін көлікте ақау пайда болғанын құжат жүзінде тіркеп алуы қажет.
Ол үшін фискалдық чекті сақтап, жанармай құйылған күнін, уақытын, жанармай құю станциясының атауы мен мекенжайын жазып алған жөн. Сондай-ақ сатып алынған жанармайдың түрі мен көлемі туралы ақпаратты сақтау қажет.
– Көлікте ақау пайда болған жағдайда оның белгілерін фото немесе бейне арқылы тіркеу де маңызды. Бұдан бөлек, автосервисте жүргізілген диагностика туралы құжаттарды, анықталған ақаулар жөніндегі қорытындыны, орындалған жұмыстар актісін және жөндеуге кеткен шығынды растайтын чектерді сақтау ұсынылады, – деді департаментте.
Егер маманның қорытындысы көліктегі ақаудың сапасыз бензиннен туындағанын растаса, тұтынушы жанармай құю станциясына жазбаша талап-арыз бере алады. Құжатта жанармайды сатып алу жағдайы, анықталған ақаулар және келтірілген шығындар нақты көрсетілуі тиіс.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, сатушы тұтынушының талабын қанағаттандыруға міндетті. Егер сатушы талаппен келіспесе, ол талап-арызды алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде құжаттармен негізделген жазбаша жауап беруге тиіс.
Талап-арызды сатушыға қолма-қол тапсыруға, хабарламасы бар тапсырыс хат арқылы немесе сатушының электрондық поштасына жіберуге болады.
Егер белгіленген мерзімде жауап берілмесе, департамент тарапынан әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдануы мүмкін.
Сапасыз бензин салдарынан келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша Павлодар облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады.
Тұрғындар өз өтініштерін E-otinish.gov.kz бірыңғай өтініштерді қабылдау платформасы арқылы да жолдай алады.