Павлодар өңірінде құрылыс және көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды
Облыс әкімі Успен және Шарбақты аудандарына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі бірнеше шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесіп, олардың сұрақтары мен жұмыста ескеретін ұсыныстарын тыңдады. «Ива» ЖШС, «Заря» ШҚ, «Амид» ШҚ егістіктерінде болып, заманауи техникалары мен тұқым қорын қарап шықты.
Сондай-ақ, Шарбақты ауылында «Никром» ЖШС өзінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мал жаю үшін 300,3 гектар алқапты көгалдандыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар тексерілді.
– Бүгінгі таңда шаруалар топырақтың ылғалмен қанығуының жоғары көрсеткішін атап өтуде және көктемгі дала жұмыстарынан жақсы нәтиже күтуде. Сонымен қатар, біздің алдымызда алдағы және болашақтағы маусымдарға арналған белгілі міндеттер тұр,– дейді облыс әкімі Асайын Байханов.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде суару жүйесін жаңғырту, күздік егістік алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту және жаңа агротехнологияларды енгізу қажет. Бұл міндеттердің барлығы фермерлер мен жергілікті биліктің үйлесімді күш-жігерінің арқасында ғана орындалады.