Павлодар облысында шетінеген сәбилердің саны азайған

Павлодар облысында шетінеген сәбилердің саны азайған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың өліміне перинаталды кезеңдегі жағдайлар себеп болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, асфиксия, биіктіктен құлау, бату себептерімен де шетінегендер көп кездеседі.

Өңіріміздегі 2024 жылғы шетінеген сәбилердің саны 2023 жылға қарағанда азайған. Нәресте өлімі – бұл 0 жастан 1 жасқа дейінгі балалардың өлімі. 

–  Облыстағы нәрестелер өлімінің көрсеткіші 2024 жылдың 12 айында 7,2 промиллені құрады, 2023 жылы бұл көрсеткіш 7,8 болған. Яғни, 0-1 жас аралығындағы балалардың өлімін13 жағдайға немесе 16,9%-ға төмендеген, – дейді басқармада.

Ең жиі кездесетін өлім себептері перинаталды кезеңдегі жағдайлар (26,9%), туа біткен ақаулар (17,9%), кездейсоқ жағдайлар мен уланулар (16,7%) және тыныс алу органдарының туа біткен аурулары (15,4%), соның ішінде пневмония (14,1%) мен инфекциялық аурулар (6,4%).

Мамандар туа біткен ақаулардың алдын алу мүмкін емес екенін айтады. Алайда вакциналар, профилактикалық шаралар мен медициналық көмек сапасын арттыру арқылы басқа да көптеген аурулардың алдын алуға болады. 

Облыста 1169 адам профилактикалық вакцинадан бас тартқан. Олар көбінесе жеке сенімі бойынша екпе алғысы келмейді. Ақ желеңділер ата-аналар профилактикалық егулерден бас тарту арқылы баланы инфекциядан және оның салдарынан қорғану құқығынан айыруы мүмкін екенін еске салады. 

Мамандардың пікірінше, вакциналау антиденелердің қалыптасу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ асқынуларға жол бермеуге ықпалын тигізеді. Ағзаға микробтар шабуыл жасаған кезінде тезірек және жеңіл өткеруге көмектеседі.