Павлодар облысында шенеуніктердің орташа жалақысы қандай?

Павлодар облысында шенеуніктердің орташа жалақысы қандай?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы жұмыс өтіліне байланысты есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Асхат Искендировтің сөзінше, қала мен ауылдық округтердің бөлім немесе басқарма мамандары мен басшылары екі түрлі жалақы алады. 

– Жұмысқа жаңадан орналасқан, ең жас мемлекеттік қызметшіге минималды – 150 мың теңге шамасында жалақы түседі. Мысалы, басқармадағы басшының орынбасары 360-370 мың теңге алуы мүмкін. Ол да еңбек өтіліне байланысты болады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 250 мың теңге шамасында деп айта аламын, – деді Асхат Искендиров. 

Бүгінгі таңда өңірде 3 751 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Шенеуніктердің орташа жасы – 41,6, орташа еңбек өтілі – 12,6 жыл. Облыстық мемлекеттік органдарда 35 жасқа дейін 1 039 қызметші немесе 28 пайызы жұмыс атқарады. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны 70 пайызды (2 601) құрайды, оның ішінде 535-і басшылық лауазымдарда.