Павлодар облысында сотталғандарды жұмыспен қамту деректері бұрмаланған

Павлодар облысында сотталғандарды жұмыспен қамту деректері бұрмаланған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Прокуратура ҚАЖ мекемелерінің бірінде есептегі көрсеткіштер мен нақты жұмыспен қамту деңгейінің сәйкес келмейтінін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, талдау барысында сотталғандардың еңбекпен қамтылу көрсеткіштерін қолдан арттыру фактілері анықталды.

Мекемедегі есеп бойынша еңбекке қабілетті 855 сотталғанның 494-і жұмысқа орналастырылған. Алайда прокуратура зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдер туралы мәліметтерді салыстырған кезде олардың тек 205-інің нақты жұмыс істегені расталды.

Қалған 289 сотталған есепте жұмыспен қамтылғандар қатарына енгізілгенімен, іс жүзінде еңбек етпеген және олармен еңбек шарттары жасалмаған.

– Сотталғандарды жалған жұмысқа орналастыру «Еңбек-Павлодар» филиалының бұйрығымен ресімделген. Нәтижесінде еңбекпен қамту көрсеткіші 2,5 есеге артық көрсетілген, – деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Қадағалау органы мұндай бұзушылықтарға сотталғандарды жұмыспен қамту ісінің тиісінше ұйымдастырылмауы себеп болғанын анықтады.

Прокуратураның ұсынуын қарау нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.