Экология департаменті Екібастұзда ауаның ластанбағанын мәлімдеді
Әлеуметтік желіде тұрғындар қалада шаң көп екеніне шағымданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2023 жылғы 27 наурызда әлеуметтік желілердің мониторингі барысында Instagram әлеуметтік желісіндегі @zhaloby_ekibastuz парақшасында атмосфераға шаң шығаруға қатысты бейне үндеу жарияланды.
Павлодар облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, Екібастұз қаласында «Қазгидромет» РМК 2 стационарлық бақылау бекеті орналасқан.
- 2023 жылғы 27 наурыздағы жағдай бойынша Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесі, 118/1 мекенжайында орналасқан №1 атмосфералық ауаның ластануын бақылау бекеті шекті рұқсат етілген шоғырлану көрсеткіші асып кеткенін тіркеген жоқ, - деді департаментте.
Сағат 21:00-дегі жағдай бойынша азот оксиді 1,9 мкг/м3, азот диоксиді 55,9 мкг/м3, көміртегі оксиді 51,9 мкг/м3, күкірт диоксиді 8,3 мкг/м3, жалпы шаң 18,6 мкг/м3.
Департамент қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар бола отырып, күн сайын air.kz қосымшаға сәйкес атмосфералық ауаның ластануына мониторинг жүргізеді. Бұдан басқа, зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары қысқа мерзімде «Қазгидромет» РМК-ны стационарлық бақылау бекеттерінде атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың асып кеткендігі туралы хабардар ету кезінде өлшеу жүргізу үшін шығуды жүзеге асырады.
Фото: ашық дереккөздерден