Павлодар облысында тұрғындар саны азайды

Павлодар облысында тұрғындар саны азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2024 жылдың бес айы ішінде өңірден алты мыңнан астам тұрғын көшіп кеткен, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов мәлім етті. 

– Осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстан 6146 тұрғын көшіп кеткен. Оның ішінде 449 адам басқа елге қоныс аударған. Тұрғындардың басым бөлігі Ресей Федерациясына көшкен. Ал 90 шақты адам Германияға кеткен, – дейді Жақан Жәкенов. 

Қоныс аударған тұрғындардың 5697-сі елдің басқа облыстарына кеткен. Оның ішінде 51 пайызы  –  Астанаға, 140 пайызы  –  Алматыға, қалғандары басқа қалаларға  көшкен. 

– Облыста өткен жылғы халық санағымен салыстырғанда тұрғындардың саны 2061-ге азайған. Жыл басынан мамыр айына дейін облыста  3794 сәби дүниеге келген, – дейді спикер. 

Ал осы уақыт аралығында облысқа көшіп келгендердің саны 4901 адамды құрады. Оның 4196-сы – елдің басқа облыстарынан, 514-і –ТМД елдерінен, 190-ы – басқа елдерден. 

Айта кету керек, биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Павлодар облысы халқының саны 753 482 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 533 829, ауылдықтар – 219 653 адам.