Павлодарда шомылуға болмайтын орындарда QR код қойылды
Облыс аумағында барлығы 47 жағажай бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Оның ішінде 27-сі – коммуналдық, 20-сы – жеке меншік. Қазіргі уақытта олардың түбін тексеру, сондай-ақ қоғамдық құтқарушыларды оқыту жүргізілуде. Шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі ұйымдастырушылық практикалық іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді, – деді аппараттық жиналыста облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймерденов.
Оның айтуынша, шомылуға тыйым салынған жерлерде 177 тыйым салу белгісі, 18 ескерту сипатындағы баннер, қосымша 77 белгі, Павлодар аумағында бес учаскеде тыйым салу белгілері бар QR код орнатылған.
Сонымен қатар, Павлодар мен Ақсу қалаларында шомылуға тыйым салынған 47 орын халықты ақпараттандыру үшін 2 ГИС мобильді қосымшасында көрсетілген.
– Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Биыл өткен жылдағылдай Ertis Promenade амағында «Қауіпсіздік мектебі» жұмыс істейді. Жаз бойы орталық жағалауда балалар мен ересектер апта сайын судағы қауіпсіздік ережелерін, жүзу және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйренеді. Суда шомылу маусымында тұрақты бақылау күшейтіледі, – деді Қайрат Шаймерденов.
Облыс әкімі Асайын Байханов орталық жағалауда қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
– Балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету керек. Бірнеше күн бұрын Павлодарда жағалауда өтіп бара жатып, резеңке қайықтармен жағадан келген пысықайлар балалар мен ересектерді алып кетіп жатқанын көзім шалып қалды. Ол жерде бюджет есебінен салынған пирстар бар. Ертіс өзенінің ағыны өте қатты. Сондықтан рейд өткізу керек, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, 10 маусымда сағат 14.30-да Ертіс өзенінде шомылу кезінде 1999 жылы туған жігіт суға батып кеткені туралы хабарлама түскен болатын.