Павлодар облысында тері ауруына шалдыққандар саны артқан
Мұндай аурулар тұқым қуалауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана тері-венерологиялық диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Байсекенова мәлім етті.
– 7,14 маусым күндері тері-венерологиялық диспансерінде Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл шара витилиго ауруына шалдыққандарға пайдалы болды. Тері ауруларына шалдыққандардың саны көп. Науқастардың басым бөлігі бұл ауру жайлы білмейтін де көрінеді. Олардың ойынша, денелеріндегі ақшыл бөліктер – туа біткен қал. Біз келушілерге диагностика жасап, тексеруден өткіздік, – дейді Гүлнар Байсекенова.
Маманның айтуынша, витилиго тұқым қуалайды, яғни балаға әкесінен немесе атасынан қан арқылы таралуы мүмкін. Сондай-ақ, оған ұқсас тағы бір дерт – псориаз. Оның витилигодан айырмашылығы – түсінде. Псориаз ауруына шалдыққандардың денесіндегі қалдар қызыл түсті болады.
– Өткен жылы псориазға шалдыққандар болмаған, ал биыл екі адамда анықталған. Олардың бірі екі жаста болса, екіншісі – төртке толған бала, – дейді Гүлнар Байсекенова.
Айта кетерлігі, өткен жылы витилиго ауруына шалдыққандардың саны – 37. Ал 2021 жылы бұл аурумен 13 адам тіркелген. Демек, мұндай дертке шалдыққан науқастардың саны артып келеді.