Павлодарлық дәрігерлер Омбыда өткен форумда тәжірибе алмасты
Осылайша жерлестеріміз Омбыдағы әріптестерімен ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, павлодарлық делегация Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумына қатысты. Форум 24–25 шілде күндері өтті.
Өңір өкілдері «Еуразиялық диалог: Ертіс өңірінің денсаулық сақтау жүйесі» атты дөңгелек үстел жұмысына қатысып, онда денсаулық сақтау саласын дамыту және екі елдің медициналық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Форум аясында медициналық техника мен өнімдердің көрмесі де ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыстан кейін қатысушылар Омбы мемлекеттік медицина университеті мен диагностикалық орталықта болды. Сонымен қатар онкология, офтальмология, травматология, хирургия, педиатрия, акушерия және гинекология саласының мамандары Омбыдағы бейінді медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша Павлодар облысы мен Омбының медициналық ұйымдары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат екі өңірдің медициналық мекемелері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған.