Теңіз жағасындағы демалыс: Павлодарлықтарға күйзелістен арылу ұсынылады
Галотерапия жиі суық тиіп ауыратын балалар мен ересектердің иммунитетін күшейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандар оны теңіз жағасындағы демалыспен салыстырады. Бір галотерапия сеансының пайдасын теңіз жағасындағы төрт күндік демалыстың әсерімен салыстыруға болады.
Дәрігерлер суық түскенге дейін өкпе мен бронхтардың созылмалы ауруларымен ауыратындарға, сондай-ақ әртүрлі синусит, фарингит, бронхит, соның ішінде аллергиялық ринит сияқты ЛОР-аурулары бар, гипертонияның жеңіл түріне шалдыққан адамдарға алдын ала дайындалуға кеңес берді. Мұндай жандар үшін денсаулықты нығайтуға галокамера немесе тұз шахтасы мол септігін тигізеді.
– Галокамераға тұзды аэрозольдер орнатылады, олар белсендірілген тұздың ұсақ бөлшектерін шашады, – деді Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының реабилитолог-дәрігері Нина Синяева. – Адам емдеуден бірден әсер алады. Науқастың өкпесіне енген кезде бөлшектер шырышты қабықты тітіркендіреді. Науқас жөтеліп, мұрнынан су ағуы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай, өйткені тұзды аэрозоль тыныс алу жолдарындағы қақырықты сұйылтады және оның сыртқа шығуына көмектеседі.
Реабилитолог-дәрігердің айтуынша, бұл процедура иммунитетті нығайтады, әл-ауқатты жақсартуға мүмкіндік береді, адамның сезімталдығы мен тітіркенуі жоғарылаған жағдайда психотерапиялық әсер етеді. Тұз шахтасындағы арнайы жұмсақ жарықтандыру, тыныштандыратын музыка күйзелісті жеңілдетеді.
– Сонымен қатар, мидың қан тамырлары босаңсып, жүрек қызметі жақсарады, – дейді Нина Синяева. – Жылына екі рет галотерапия курсынан өтуді ұсынамыз. Бір процедура жарты сағатқа созылады, ал әсері ұзақ уақытқа созылады. Галотерапия жүкті әйелдерге оң әсер етеді, әсіресе түсік тастау қаупі бар адамдарға пайдалы.
Айта кетерлігі, галотерапия теріге де пайдалы. Тұз шахтасындағы ауаның теріні жаңартып, нәрлендіретін қасиеті бар және жараның тез жазылуына да септігін тигізеді.
Галокамера процедураларын алу үшін 50-25-07 телефоны арқылы жазылуға болады.
Серіктестік материал
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы, Павлодар облысы әкімдігінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 00986 лицензиясы