Павлодар облысында көлік пен мүлік салығына жаңа талап енгізілді
Жеңілдіктер биылдан бастап күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде көлік салығын есептеу тәртібі өзгерді. Жаңа салық кодексіне сәйкес, ұзақ уақыт пайдаланылған автокөлік иелеріне салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Ал мүлік пен көлікті сатудан түсетін табысқа қойылатын талаптар күшейтіледі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Арман Уәлиевтің айтуынша, енді 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылған автокөліктерге көлік салығын есептеу кезінде 0,7 коэффициенті қолданылады. Бұл салық сомасын 30 пайызға төмендетеді. Ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50 пайыздық жеңілдік енгізілді.
– Қозғалтқыш көлемі төрт литрден асатын автокөлік үшін негізгі салық мөлшері 117 айлық есептік көрсеткіш немесе 506 025 теңгені құрайды. Егер көлік 10–20 жыл пайдаланылса, төлем 354 217 теңгеге дейін азаяды. Ал 20 жылдан асқан көлік иесі шамамен 253 мың теңге төлейді, – деді Арман Уәлиев.
Павлодар облысында мұндай көліктердің үлесі жоғары. Қазір өңірде 10–20 жыл аралығында пайдаланылған 62 мыңға жуық автокөлік және 20 жылдан асқан 120 659 көлік тіркелген.
Сонымен қатар, жаңа салық кодексі бойынша мүлік пен көлікті сатуға қатысты талаптар өзгерді. Егер азамат жылжымайтын мүлікті сатып алғаннан кейін екі жыл өтпей сатып, табыс тапса, құн өсімінен 10 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Бұл талап тек биыл жасалған мәмілелерге қатысты қолданылады.
Сондай-ақ автокөлікті меншікке алғаннан кейін бір жыл ішінде сатып, пайда көрген азаматтар да мүліктік табыс салығын төлеуге міндетті болады.
Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға салық міндеттемелерін алдын ала тексеріп, төлемдерді уақытылы жүргізуге кеңес береді. Көлік салығын e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе мемлекеттік кірістер органдары арқылы төлеуге болады.