Павлодар ЖЭО-2-де қазандықты іске қосу кезінде құбыр жарылды
Оқиға салдарынан екі жұмысшы дәрігерлердің қарауынан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№5 қазандық агрегатын іске қосу жұмыстары кезінде құбырдың герметикалығы бұзылып, қатты дыбыспен қатар жүрген оқиға болды.
– Сол уақытта №4 қазандық агрегатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Мердігер ұйымның бір қызметкері қатты дыбыстан кейін құлағының тұнып қалғанына шағымданса, екіншісі жұмыс орнынан шыққан кезде тобығын ауыртып алған, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.
Кәсіпорынның мәліметінше, екі қызметкер де медициналық тексеруден өтіп, үйлеріне жіберілген.
Қазіргі уақытта станция жабдықтарының жұмысы бақылауда.
Кәсіпорын тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.