Павлодарда қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда

Павлодарда қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жобаларды іске асыру өңір басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков халықпен кездесу барысында алдағы жылыту маусымына дайындық негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін айтты. Қазіргі таңда орталықтандырылған жылумен шамамен 230 көппәтерлі тұрғын үй мен 20 әлеуметтік нысан қамтамасыз етілген. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын 14 учаскеде жылу желілеріне жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №58 және №69 орталық жылу пункттерін реконструкциялау аяқталуға жақын, барлық жұмысты тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақаулар жедел жойылып, тұрғын үйлерге ыстық су қайта берілді.

Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Су құбыры және су бұру желілеріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, ал Авиақалашық шағынауданында инженерлік коммуникациялардың құрылысы толық аяқталды. Электрмен жабдықтау саласында 103 қосалқы станция жаңғыртылып, ұзындығы шамамен 84 шақырым болатын әуе электр желілерін ауыстыру және жаңа энергетикалық нысандар салу жалғасуда.

Жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Павлодар еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып жаңа технологиямен жол жөндеу жұмыстарына кірісті. Наурыз айында асфальт-бетон зауыттары іске қосылып, содан кейін қала көшелерін асфальттау басталды. Жөндеу барысында өңірдің климаттық жағдайына төзімділігі жоғары әрі пайдалану мерзімі ұзақ қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон қоспасы қолданылуда.

Бүгінде жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын 23 магистральдық көше асфальтталды. Тамыз айының соңына дейін Екінші Павлодар және МДС шағынаудандарындағы жеке сектордың тағы 33 көшесін жөндеу жоспарланған. Аулаларды, мектептерді, балабақшаларды және ауруханаларды абаттандыру, сондай-ақ жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа тротуарлар салу жалғасуда. Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында қалада он жаңа бағдаршам орнатылды.

Биыл Павлодарда 50 жаңа балалар ойын алаңы орнатылып, нәтижесінде аулалардың 98 пайызы абаттандырылады. Қаланың саябақтары мен гүлзарларында әрқайсысының аумағы 500 шаршы метр болатын бес ірі ойын кешені бой көтереді.

Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта жасанды жабыны бар сегіз шағын футбол алаңы, 20 стритбол алаңы, 40 воркаут алаңы және ондаған ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары орнатылды.

Биыл 15 шағын скверді абаттандыру жоспарланған, оның оны бүгінде дайын. Қаладағы сегіз субұрқақ жөндеуден өткізіліп, тұрғын үйлер мен көшелерге сәулеттік және сәндік жарықтандыру орнату жұмыстары жалғасуда.

Қаланы көгалдандыруға да ерекше назар аударылуда. Көктемде түрлі ағаш тұқымдарының 10 мың көшеті отырғызылды, жыл соңына дейін олардың саны екі есеге дейін ұлғайтылмақ. Қоқыс жинау алаңдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда: биыл 115 заманауи контейнер алаңы жабдықталып, шамамен 1500 еуроконтейнер орнатылады.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету де басым бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл соңына дейін әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша 346 пәтерді бөлу жоспарланған. Сонымен қатар Достық шағынауданында әлеуметтік-кредиттік тұрғын үй құрылысы мен Затон шағынауданындағы ескі тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Усолка шағынауданында 1200 орындық жаңа мектептің, ал Атамекен кентінде жаңа балабақшаның құрылысы басталды. Сонымен қатар, үш мектеп пен жеті балабақшада күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жылдың алғашқы жартыжылдығындағы маңызды оқиғалардың бірі – «Ertis-Pavlodar» жаңа ипподромының ашылуы болды. Ол бүгінде облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

Қоғамдық көлікті жаңғырту жалғасуда. Соңғы үш жылда қалалық автопарк 260 заманауи автобуспен толықты. Биыл тағы 37 автобус пен энергия үнемдейтін он жаңа трамвай сатып алынды.

Павлодар экономикасы тұрақты оң өсімді сақтап отыр. Жылдың алғашқы жартысында қалаға 160 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 30 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 500-ден астам кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды.

Инфрақұрылымды дамытумен қатар тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жазғы маусымның басты мәдени алаңы – «Ertis Promenade». Маусым басталғалы мұнда жүзге жуық бұқаралық іс-шара өтті. Биыл алғаш рет «Ертіс дауысы» вокалдық байқауы ұйымдастырылды. Сондай-ақ спорттық жобалар, фестивальдер мен қазақстандық және шетелдік өнерпаздардың қатысуымен концерттер тұрақты түрде өткізілуде.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін абаттандырылған жағажай жұмыс істейді. Ол күн сайын жүздеген демалушыны қабылдайды. Балаларға арналған тегін бассейндер ашылған, ал Ертіс жағалауын апта сайын мыңдаған павлодарлық пен қала қонақтары тамашалайды.