ERTIS PAVLODAR HALF MARATHON: Ертіс жағалауында спорт мерекесі өтті
Спорттық шараға Қазақстан өңірлерінен 800-лен астам желаяқ қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала күніне арналған мерекелік шаралар жаздағы ең көп күтілетін спорттық оқиғалардың бірі – ERTIS PAVLODAR HALF MARATHON жартылай марафонымен жалғасты. Таңғы сағат алтыда, «Ирина Кайратовна» тобы мен Светлана Лобода қатысқан концерттен біршама уақыт өткен соң, жағалау қайта жанданды. Бұл жерде сахна мен әуеннің орнына мүлде басқа атмосфера орнады – жүздеген адам жарқын спорттық киімдерін киіп, достарымен сөреге дайындалды.

Бірнеше сағат бойы жағалау нағыз спорттық қалашыққа айналды. Әуенмен бірге жүргізушілер жұмыс істеп, волонтерлер қатысушыларға көмектесті. Жанкүйерлер де жарыс басталмай тұрып-ақ спортшыларға қолдау көрсетті. Бірі үшін бұл алғашқы жарыс болса, енді бірі үшін үлкен марафондарға апарар кезекті қадам болды.

Дәстүрлі жартылай марафон бүгінде қаланың жақсы дәстүріне айналып, жыл сайын жүгіруді ұнататындардың қатарын арттырып келеді.
Павлодар облысы Ertis Runners жүгірушілер альянсының төрағасы әрі жарысты ұйымдастырушы Болат Ордабаевтың айтуынша, жоғары деңгейдегі ұйымдастырудың артында үлкен команданың еңбегі тұр.
– Орасан зор жұмыс атқарылды. Үлес қосып, осы спорттық тарихтың бір бөлігі болған әр адамға алғыс айтуға кейде сөз таппай қаласың. Біз жыл сайын жарысты ұйымдастыру деңгейін көтеруге тырысамыз. Бұл жолы мақсатымызға жақындағанымызды көріп отырмын. Ал біздің үлкен мақсатымыз – қатысушылар санын кемінде 2500 адамға жеткізіп, Павлодарды өңіріміздің жүгіру астанасына айналдыру, – деді Болат Ордабаев.
Оның айтуынша, сөреге 800-ден астам адам шыққан. Тағы шамамен 150 адам қосымша слоттардың ашылуын күткен.

– Мұндай жағдай бұрын болмаған. Слоттар бір күннің ішінде сатылып кетті, ал адамдар жарысқа қатысу мүмкіндігін күтіп, кезекке тұрды. Бұл жүгіру қозғалысының дамып келе жатқанын көрсетеді және бұл бізді қуантады, – деді ұйымдастырушы.

Спорт әуесқойлары 5, 10 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Бағыттар Ертіс жағалауы мен Павлодардың орталық көшелері арқылы өтті. Бүкіл трасса бойында қатысушыларды волонтерлер, қала тұрғындары мен жанкүйерлер қарсы алып, қолдау білдірді.

Сөреге 18 жастан 80 жасқа дейінгі әртүрлі жастағы жүгірушілер қатысты. Көпшілігі үшін спорт әлдеқашан өмір салтының бір бөлігіне айналған. 69 жастағы Любовь Асанова ең ұзын қашықтықты – жартылай марафонды таңдады.
– Павлодарда бірінші рет жүгіріп тұрған жоқпын. Бұл қала маған өте ұнайды, әсіресе Ертіс, ақжарқын адамдар мен спорттық атмосферасы ерекше әсер қалдырады. Жартылай марафон мен үшін қазірдің өзінде – дайындық кезеңі. Қыркүйек айында Алматыдағы марафонға қатысуды жоспарлап отырмын, – деді спортшы.
Старт алаңынан жарыстарға жаңадан қатысып жүргендерді де, мұндай бәсекелердің тұрақты қатысушыларын да кездестіруге болатын еді. Қатысушылар арасында Николай Кайдас ақ түсті теңізші формасымен бірден көзге түсті. Оның ерекше бейнесі көпшіліктің назарын аударды.

– Мен Каспийде теңізші болып қызмет еттім, кеме командирі болдым. Жарыс туралы естігенде бірден келуге шешім қабылдадым. Үлкен спорт мерекесінің бір бөлігі болып, жүгіріп келе жатып, Павлодарды туған күнімен құттықтағым келді, – деді Николай.



Бес шақырымдық қашықтықта үздік нәтиже көрсеткен Равиль Хабибрахманов болды. Жас спортшы бокспен айналысады, алайда бірнеше жылдан бері өмірін жүгірусіз елестете алмайды.
– Мен үшін жүгіру – бокс дайындығымның маңызды бөлігі. Үш жылдан бері жүгіріп келемін. Жарыс өте ұнады. Былтыр Павлодарға отбасыммен келген едім, қала ерекше жылы әсер қалдырды. Бұл жолы сөреге шығуды шештім. Павлодардың дамып, көркейіп, өсіп келе жатқанын көру қуантады, – деді спортшы.
Барлық мәреге жеткен қатысушыларға ERTIS PAVLODAR HALF MARATHON брендтік жейделері мен естелік медальдары табысталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен жарыс серіктестерінің арнайы сыйлықтары берілді.


Бір күнге Ертіс жағалауы спорт аумағына айналып, әртүрлі жастағы және түрлі мамандық иелері ортақ қызығушылық – жүгіру арқылы бірікті. Осындай шаралар спорт күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған ерекше қала атмосферасын қалыптастырады.