Жалған ақпарат: Павлодардағы психикалық денсаулық орталығы шағымға жауап берді

Жалған ақпарат: Павлодардағы психикалық денсаулық орталығы шағымға жауап берді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

№2 ерлер бөлімшесінде  Азамат есімді санитар жұмыс істемейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Александра Бухарина мәлімдеді.

Айтуынша, «Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК әлеуметтік желілерде анонимді түрде таратылған ақпаратқа байланысты қызметтік тексеру жүргізілгенін хабарлайды.

- Тексеру барысында жарияланымда көрсетілген Азамат есімді санитардың орталықтың №2 ерлер бөлімшесінде жұмыс істемейтіні анықталды. Бөлімше 45 төсек-орынға арналған, қазіргі уақытта олардың барлығында пациенттер ем қабылдауда. Бөлімшенің барлық пациенттерімен әңгімелесу жүргізіліп, медицина қызметкерлерінен түсініктемелер алынды. Пациенттер тарапынан қызметкерлердің жұмысына және емделу жағдайларына қатысты ешқандай шағымдар мен наразылықтар түскен жоқ,- деді Александра Бухарина.

Маман №2 ерлер бөлімшесі тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесімен жабдықталғанын атап өтті. 

- Жүйеге 10 бейнекамера кіреді, бұл бөлімшедегі тәртіптің сақталуы мен пациенттердің қауіпсіздігін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жазбаларын зерделеу жарияланымда көрсетілген мәліметтердің расталмағанын көрсетті,-деді ол.

Орталықта Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Ембелугілер мен олардың туыстары туындаған барлық мәселелер бойынша 666-103 телефон нөмірі арқылы хабарласа алады. 

Ал аталған жағдайлар бойынша ресми өтініштер мен шағымдар түспеген.

Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша әлеуметтік желілерде таратылған ақпарат өз растамасын таппады.

«Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің іскерлік беделін, сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін және заңды мүдделерін қорғау құқығын өзіне қалдырады. Қызметтік тексеру материалдары жалған ақпарат таратқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жолданатын болады.

Еске сала кетейік,  бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодар қаласындағы психикалық денсаулық орталығының ерлерге арналған №2 бөлімшесінде пациенттерге қатыгездік көрсетілгені туралы ақпарат тараған болатын.