Автотұрақ: Павлодарда екі мыңға жуық жүргізуші айыппұл арқалады
Олардың арасында жедел жәрдем көлігі мен өрт сөндіру техникасына кедергі келтіргендер де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаменті заңсыз автотұраққа қойған жүргізушілерге бақылауды күшейтуде.
– Қазіргі таңда автокөлікті дұрыс тұраққа қою мәселесі әрбір жүргізуші үшін өзекті. Жолдың жүріс бөлігінде, аулаларда және тар өткелдерде қалдырылған көліктер коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтіріп қана қоймай, жедел қызметтердің уақытылы жетуіне де бөгет жасайды, – дейді тәртіп сақшылары.
Мәселен, Байзақов көшесіндегі үйдің тұрғындары полицияға кіреберіс жолды бөгеп тұрған автокөлікке қатысты шағымданған. Осындай құқық бұзушылықты Набережная көшесіндегі үйге кіретін жолды Lexus маркалы автокөлігімен жауып қойған жүргізуші де жасаған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Айта кету керек, 2026 жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша автокөлікті дұрыс қоймағаны үшін 1918 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды жауапкершілік танытып, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қалдырмауға шақырады.
Заңсыз автотұрақ үшін салынатын айыппұлдар – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шара екенін есте ұстаған жөн.